Бұл күн алғаш рет 1991 жылы, бүкіл әлемде қант диабеті ауруының өсу қатері бар жауабына, Халықаралық диабет федерациясы (International Diabetes Federation,IDF) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (World Health Organization) құрылды. Осы күн бүкіл адамзатқа аурудың таралуы тұрақты түрде артып келеді деп маңызды ескертпелері болып қызмет атқарады.
Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күнінің мақсаты диабет туралы хабардарлығын арттыру болып табылады - қант диабетімен ауырғандардың санының ғана емес, осы аурудың дамуын және қалай алдын алуға болатындығы туралы.
Қант диабеті қандай дерт?
Диабет – зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын эндокриндік аурулар тобына жатады. Бұл дертке шалдыққан адамдардың ағзасында глюкозаның сіңу процесі бұзылады. Инсулин – көмірсу алмасу процесіне тікелей жауап беретін гормон. Онсыз қант организмдегі жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Салдарынан тіндер мен органдар жұмысы бұзылады.
Диабеттің негізгі деген төрт түрі бар: бірінші және екінші типтегі созылмалы диабет, гестациондық диабет және сусамырдың өзге формалары.
Бірінші типтегі диабетте организмді ұйқы безіндегі зақымданбаған жасушалар шабуылдай бастайды. Салдарынан инсулин тиісінше бөлінбей, науқас қандағы қант мөлшерін үнемі тексеріп, инсулин егіп жүруге мәжбүр болады. Қант керісінше, аз болса (гипогликемия), оны шырынмен немесе мұзкәмпитпен көтеру қажет. Статистикаға сүйенсек, әдетте диабеттің бұл түрі балалар мен жасөспірімдер арасында кездеседі.
Инсулинге тәуелді тіндердің гормонға сезімталдығы жойылған кезде екінші типтегі диабет басталады. Инсулин дұрыс бөлінгеніне қарамастан, глюкозаның сіңу қызметі бұзылып, қан құрамында қалып қоятын болады. Аталған дерт тырнағына ілінгендердің 85-90 пайызы диабеттің дәл осы түрімен ауырады. Олардың басым бөлігі – ересектер.
Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылған. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.
Диабеттің алдын алу үшін: салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет.
Әлемнің кейбір елдерінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрлерін сатуға тыйым салынған. Немесе зиянды тағамдарға көп салық салынады. Биылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды.
Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.
Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.
Есіңізде болсын! Баяндалған ұсынымдарды орындау Сізге қант диабеті асқынуын болдырмауына, толыққанды өмір және белсенді өмір сүруге, сүйікті ісіңмен айналысуға, өмірге қуануға мүмкіндік береді.